ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙДА ҒАСЫР ЖАСАҒАН АНАЛАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

0
58

«8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні» мерекесі қарсаңында Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов ғасырдан асқан асыл аналардың шаңырағына арнайы барып, мерекемен құттықтады. Бір ғасырлық ғұмырды еңсеріп, ұрпақ өсіріп, елдің берекесін арттырған қазыналы қарияларға құрмет көрсету – ұлттың рухани биіктігінің айғағы, адамгершілік пен жанашырлықтың үлгісі, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету дәстүрінің жарқын көрінісі.

Мерекелік жүздесу барысында аудан басшысы 100 жастан асқан аналарға ақжарма тілегін арнап, сый-сияпат табыстады. Ғасыр куәгерлері болған абзал жандардың өнегелі өмір жолы, көрген-білгені, өткен күндердің естелігі – бүгінгі буын үшін баға жетпес тәрбие мектебі екенін атап өтті.

Ғасыр жасаған аналар өз кезегінде ел амандығын, жұрт тыныштығын тілеп, ақ батасын берді. Олар өткен дәуірлердің қиындықтарын, ел басынан өткен тарихи кезеңдерді еске алып, тәуелсіз елдің бүгінгі жетістіктеріне ризашылықтарын білдірді. Ұрпақтарының өсіп-өнгенін, немере-шөберелерінің игілігін көру – әр ананың басты бақыты екенін тілге тиек етті.

Қазақ «Қариясы бар үйдің – қазынасы бар» дейді. Расында да, ғасыр жасаған аналар – тұтас бір дәуірдің шежіресі, ел тарихының тірі куәгерлері. Олардың өнегелі өмір жолы жас ұрпаққа еңбекқорлықтың, төзімділіктің, отансүйгіштіктің мәнін ұғындырады.

Аудан әкімінің бұл сапары – мерекелік құттықтау ғана емес, ұрпақтар сабақтастығын жалғаған тағылымды кездесу болды. Қазыналы аналардың ақ батасы мен алғысы – елге береке, қоғамға бірлік әкелетін ізгі тілектердің бастауы екені сөзсіз.

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу