ТҮРКІСТАН: ОРДАБАСЫ АУДАНЫНДА ЖАҢА ПЕРИНАТАЛДЫҚ ОРТАЛЫҚТЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

0
75
Түркістан облысында денсаулық сақтау саласын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Осы ретте Ордабасы ауданында заманауи перинаталдық орталықтың құрылысы басталды. Бұл – болашақ аналар мен жаңа туған нәрестелерге сапалы әрі қауіпсіз медициналық көмек көрсетуге бағытталған маңызды әлеуметтік жоба.
✔️Аталған нысан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауларындағы тапсырмалар аясында жүзеге асырылуда. Жол картасында көзделген бұл бастама елімізде заманауи жабдықтармен қамтылған, білікті мамандар жұмыс істейтін перинаталдық орталықтар желісін қалыптастыруды мақсат етеді.
✔️Құрылыстың тапсырыс берушісі – «Түркістан облысының құрылыс басқармасы» мемлекеттік мекемесі. Жобаны «ЦАПСК» ЖШС әзірлесе, құрылыс жұмыстарын «ВД Строй-Инжиниринг» ЖШС атқарады. Нысанның сапалы әрі талапқа сай салынуын техникалық және авторлық қадағалау ұйымдары тұрақты бақылауда ұстамақ.
✔️Жоспарға сәйкес, перинаталдық орталықтың құрылысын 2028 жылы аяқтау жоспарланған. Ғимараттың жалпы ауданы 32 мың шаршы метрден асады, ал нысан 8 гектар аумақта бой көтермек. Жобаның жалпы құны – 45,8 млрд теңге.
✔️Бұл орталық пайдалануға берілгенде Ордабасы ауданы ғана емес, көршілес елді мекендердің тұрғындары да жоғары деңгейдегі перинаталдық медициналық қызметке қол жеткізеді. Ең бастысы – ана мен бала денсаулығын қорғау нығайып, күрделі жағдайларда көрсетілетін медициналық көмектің сапасы арта түседі.
✔️Қазіргі таңда құрылыс алаңында жер жұмыстары басталып, дайындық шаралары қарқынды жүргізілуде.
Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу