ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙ АУДАНЫНДА ӨТКЕН АУҚЫМДЫ СЕНБІЛІККЕ МЫҢҒА ЖУЫҚ АДАМ ҚАТЫСТЫ

0
68
Жаңа жылды қоршаған ортаны қорғау және санитарлық тазалықты қамтамасыз ету, табиғатқа деген жанашырлықпен бастаған жетісайлық тұрғындар бүгін аудан көлемінде ауқымды аудандық сенбілік өткізді. Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып келе жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық шарасы аясында өткен тазалық жұмыстарына мыңға жуық адам қатысып, 20 бірлік арнайы техника жұмылдырылды.
Мемлекеттік және квазимемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, сондай-ақ аудан жастарының бірлескен еңбегінің нәтижесінде 18 тонна тұрмыстық қатты қалдықтар арнайы полигондарға шығарылды.
Тазалық жұмыстары негізінен аудан аумағындағы үлкен жолдардың бойларында, саябақтар мен скверлерде, адамдар көп шоғырланатын қоғамдық орындарда және көппәтерлі тұрғын үйлердің маңында жүргізілді. Сенбілік барысында аумақтар ретке келтіріліп, жасыл аймақтар тазаланып, қоршаған ортаның санитарлық жағдайы айтарлықтай жақсарды.
– Тазалық – ортақ жауапкершілік. Мұндай шаралар тек тазалықты сақтауға ғана емес, тұрғындардың туған жерге деген жанашырлығын көрсететін маңызды бастама. Бүгін аудан көлемінде мыңға жуық адам бір кісідей жұмылып, елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсартуға үлес қосты. Осындай бірлескен жұмыстар арқылы біз таза, көрікті әрі жайлы аудан қалыптастыра аламыз. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады, – деді аудан әкімі Серік Мамытов.
Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу