Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ауылдардағы әлеуметтік меселелерді шешу, әсіресе медициналық нысандарды ашу жөнінде тапсырма берген болатын. Осы бағытты Түркістан облысында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бүгін, осы орайда Түлкібас ауданына қарасты Қызылбастау ауылында көптен күткен жаңа медициналық тірек ел игілігіне берілді. Шараға арнайы облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, ауыл тұрғындарын жаңа нысанның ашылуымен құттықтады. Тұрғындарға денсаулық сақтау қызметінің жақсарып, ауылдық жерлерде медициналық көмектің қолжетімділігі артатынын айтты.

Бұған дейін ауыл халқы жалдамалы ғимаратта медициналық көмек алып келген. Енді жаңа, заманауи талаптарға сай салынған медициналық тірек халыққа сапалы және қолжетімді медициналық қызмет көрсетуге толық мүмкіндік береді.

Биыл ауданда жыл басынан бері тұрғындарға қолжетімді медициналық көмек көрсету мақсатында Мақталы, Тастұбұлақ, Шақпақ-Баба ауылдарында жаңа медициналық тіректер іске қосылса, жуырда ғана Азаттық ауылында да жаңа медициналық нысан қолданысқа берілді. Ауданда медициналық нысандарды арттыру үшін келесі жылы Қараағашты, Жаңұзақ, Майтөбе және Еңбек елді мекендерінде де заманауи медициналық тіректер салу жоспарлануда.

Айта кетсек, өткен жылы Түркістан облысында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы аясында жалпы құны 10 млрд теңге құрайтын 49 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысандарының құрылысы жүргізіліп, толық іске қосылған болатын. Осы бағыттағы жұмыстар осы жылы да жалғасын табуда. Атап айтқанда облыс көлемінде қайта жаңғырту қажет ететін 73 медициналық нысанның, биылғы жылы жергілікті бюджет есебінен 34 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысандарының құрылысы жүргізілді.