Түркістан: Тазалық пен тәртіп – ортақ міндет

Түркістан облысында Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасымен өңірде өткен аптаның өзінде елді мекендерде 201 тазалық шарасы ұйымдастырылды. Соның нәтижесінде, тазалық жұмыстарына 57 654 тұрғын қатысып, 177 тонна қоқыс шығарылып, қоршаған ортаға зиян келтіретін бірнеше рұқсатсыз қоқыс алаңдары жойылды.
Түркістан облысында экологиялық ахуалды жақсарту және қоғамдық тәртіпті сақтау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. «Таза Қазақстан» акциясы аясында облыс көлемінде бірқатар маңызды шаралар қолға алынып, нәтижелі көрсеткіштерге қол жеткізілуде.
Түркістан облысында жалпы бағдарлама аясында бекітілген жоспарлардың орындалуы тұрақты қадағалануда. Облыс аумағында өткен апта «Таза жағалау» акциясы ұйымдастырылды. Шараға 7110 мемлекеттік және өзгеде мекеме қызметкерлері мен тұрғындар қатысып, 1 016,1 шақырым өзен жағалауларының аумағы тазаланып, 143 тонна қоқыс шығарылды.
Түркістан өңірінде «Таза Қазақстан» ұлттық бағдарламасын тиімді іске асыру мақсатында кең ауқымды насихат және түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Нәтижесінде, бүгінгі күнге дейін «TazaQazBot» ақпараттық жүйесі арқылы 3 104 өтінім қабылданған. Оның 3 192-сі орындалса, 12 өтінім орындалу барысында.
Қоғамдық тәртіп пен санитарлық талаптарды сақтау бағытында да нақты шаралар қабылдануда. Жыл басынан бері құқықтық тәртіпті күшейту мақсатында қоғамдық орындарда санитарлық талаптарды сақтамаған тұлғаларға 16 993 әкімшілік хаттама толтырылып, 502,7 млн теңге айыппұл салынған. Оның 270,9 млн теңгесі өндірілді. Бұл – тұрғындардың жауапкершілігін арттыру бағытында қолға алынған нақты шаралардың бірі.
Тазалық пен тәртіп – ортақ міндет. Осы орайда облыс әкімдігі тарапынан апта сайын мониторинг жұмыстары жүргізіліп, бақылау күшейтілуде. Жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар беріліп, тұрғындарға экологиялық мәдениетті сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстары жалғасуда.
Апта сайын жұмысшы топтар тарапынан аудан, қала аумақтарында тұрақты мониторинг жұмыстары жүргізілуде. Алайда, рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері әлі де кездеседі. Осыған орай, анықталған олқылықтарды жою мақсатында жергілікті әкімдіктермен бірлесіп нақты іс-шаралар қолға алынуда. Тазалық жұмыстары жалғасын табады.
Сонымен бірге аппарат мәжілісінде жылыту маусымына дайындық жұмыстары, «Келешек мектептері» жобасы аясында салынып жатқан мектептердің құрылыс барысы пысықталып, нақты тапсырмалар берілді.






