Түркістан облысында «Келешек мектептері» жобасы аясында білім ошағы пайдалануға берілді

0
27

Жаңа оқу жылында 1-сыныпқа 48 мыңнан астам оқушы қабылданды. Жыл сайын мектеп табалдырығын аттайтын балалардың көбеюі бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Келешек мектеп» ұлттық жобасы – ел болашағына жасалған маңызды инвестиция. Жоба аясында өңірімізде 29 мектептің құрылысы жүргізілді. Өткен оқу жылында 13 мектеп пайдалануға берілсе, биылғы жаңа оқу жылында 16 мектеп іске қосылады. Келес ауданында 3 бірдей жаңа мектеп пайдалануға берілуде. Бұл – балаларымыздың болашағына жасалған қолдау.

Білім мерекесіне орай бірқатар аудандарда білім ошағы ашылды. Соның бірі – Келес ауданы, Біртілек ауылдық округінде 300 орындық жаңа №66 жалпы білім беретін мектептің салтанатты ашылуы өтті. Салтанатты шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев арнайы қатысып, жиналған жұртшылықты Білім күнімен құттықтады.

Заманауи талаптарға сай салынған білім ордасы кең әрі жарық оқу кабинеттерімен, пәндік зертханалармен, спорт залы, асхана, кітапхана сияқты қажетті инфрақұрылымдармен толық жабдықталған. Сонымен қатар мектепте сенсорлық бөлме, инклюзивті сынып, музыкалық аспаптармен қамтылған музыка кабинеті, робототехника және STEM зертханасы, би үйірмесіне арналған арнайы кабинет қарастырылған.

Жаңа мектептің салынуы Біртілек ауылындағы тұрғындар үшін аса маңызды. Өйткені бұған дейін 1988 жылы салынған 60 орындық №17 «Еркіндік» бастауыш мектебі ескірген, ал 300-ге жуық бала көршілес Абай ауылындағы мектептерге тасымал арқылы қатынап оқитын еді. Енді жергілікті оқушылар өз ауылында жайлы әрі жаңа мектепте білім алуға мүмкіндік алды. №66 мектеп ұжымы мен ата-аналар игі істің жүзеге асқанын зор қуанышпен қарсы алып, еліміздің келешегі үшін мұндай қадамдардың маңызы зор екенін атап өтті.

Одан бөлек, Сарыағаш ауданында 900 оқушыға арналған екі жаңа мектеп өз есігін ашты. Бұл білім ұялары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында бой көтерген.

Жаңа оқу жылына орай пайдалануға берілген нысандар – №80 жалпы білім беретін мектеп және Жаскешу елді мекеніндегі №37 Бейімбет Майлин атындағы мектеп. Ашылу салтанатына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, облыстық мәслихат депутаты Алмас Салимов пен Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев және аудандық мәслихат депутаттары Шермат Ибрагимов, Қайрат Жүсіпов және Әшімхан Баратовтар қатысып, ұстаздар мен оқушыларды жаңа оқу жылымен құттықтады.

Екі қабатты мектеп ғимараттары заманауи стандарттарға сай салынған. Мұнда оқушылар үшін кең әрі жарық сыныптар, толық жабдықталған шеберханалар, кітапхана, акт залы, спортзал, асхана және медициналық пункт қарастырылған. Сондай-ақ қауіпсіздік мақсатында бейнебақылау жүйесі орнатылған.Мектеп құрылысы «Samruk-Kazyna Construction» АҚ тапсырысымен «Арт-құрылыс» ЖШС тарапынан жүргізілген.

«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Түркістан облысында жалпы 29 мектептің құрылысы жоспарланған. Өткен оқу жылында оның 13-і пайдалануға берілсе, биылғы жаңа оқу жылында тағы 8 жаңа  мектеп пен 2 жалпы орта білім ошағы  оқушыларды қабылдайтын болады.

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу