Салық кодексінің ережесі: Түркістан облысында әлеуметтік-экономикалық дамудың тұрақты серпіні байқалады

Түркістан облысында 2026 жылы күшіне енетін жаңа Салық кодексінің нормалары түсіндірілді. Семинар ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті мен «Атамекен» ҰКП қолдауымен өтті.
Жиынға МКК төрағасының орынбасары Жәнібек Нұржанов, комитет мамандары, облыс кәсіпкерлері мен мемлекеттік орган өкілдері қатысты.
Өңірден шамамен 400 кәсіпкер қатысқан семинардың мақсаты – жаңа салық саясатының тиімді тұстарын түсіндіру, бизнеске түсетін жүктемені оңтайландыру және адал салық төлеушілерді ынталандыру.
Жауаптылардың айтуынша, ҚР Қаржы министрлігі жаңа Салық кодексінің ережелерін түсіндіруге байланысты жүйелі жұмысты қолға алып, реформа жайлы кәсіпкерлер мен халықты құлақтандырып келеді. Ведомство бизнес өкілдерімен кездесу арқылы енгізілетін жаңашылдықтар жөнінде ақпарат жеткізіп, тиісті нормалардың практикалық қолданысқа және реформаның артықшылықтарына баса мән беруде. Осы жұмыстың аясында Түркістан облысында «Атамекен» ҰКП қолдауымен 2026 жылы күшіне енетін Салық кодексінің ережелерін түсіндіруге арналған көшпелі семинар ұйымдастырылып отыр.
Статистикалық мәлімет бойынша, Түркістан облысында әлеуметтік-экономикалық дамудың тұрақты серпіні байқалып келеді. Биылғы қаңтар-шілде аралығында өңірде өнеркәсіп өндірісінің көлемі қазіргі бағамен шаққанда 852 050,6 млн теңгеге жетіп, былтырғы кезеңмен салыстырғанда 12, 3% артқан. Ал өңірлік жалпы өнім көлемі (биылғы қаңтар-наурыз айларында) 1 053 912,6 млн теңгеге жетіп, нақты өсім 9,1% межесінде байқалды. ӨЖӨ құрылымында тауар өндірісінің үлесі 37,1%, ал көрсетілетін қызметтердің көлемі 57,7% көрсеткен.
Кәсіпкерлер үшін ерекше маңызды өзгерістердің бірі – ҚҚС әкімшілендіру ісін жетілдіру мен корпоративті табыс салығы әрі ҚҚС бойынша сараланған мөлшерлемелерге көшуге байланысты болып отыр. ҚҚС әкімшілендіру ісін жетілдіру рәсімдерді жеңілдетіп, әкімшілік жүктемені азайту мен бизнес пен мемлекет арасындағы даулы жағдайларды барынша төмендетуге бағытталған. Бұл компанияларға уақыт пен ресурстарды үнемдеп, өз істерін дамытуға назар аударуға мүмкіндік береді.
Жәнібек Нұржановтың айтуынша, корпоративті табыс салығы мен ҚҚС бойынша сараланған мөлшерлемелерді енгізу салалардың ерекшеліктері мен кәсіпорындардың табыс деңгейін ескеретін неғұрлым икемді тәсілді қарастырады. Мұндай тетік әділ салық жүйесін орнатып, шағын және орта бизнесті қолдауға, сондай-ақ экономиканың басым секторларын дамытуға жол ашады.