Заң мен тәртіп: Түркістан облысында заңсыз жер қойнауын пайдалануға қарсы қатаң шаралар қолдануда

Түркістан облысында пайдалы қазбаларды өндіру саласындағы заңбұзушылықтар бақылауға алынып, жауапсыз кәсіпкерлерге қатысты нақты шаралар қабылдануда. Облыс әкімінің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде осы мәселе кеңінен талқыланды.
Өңірде қазіргі таңда 198 жер қойнауын пайдаланушы тіркелген. Оның 74-і келісімшарт, 124-і лицензия негізінде жұмыс істейді. Алайда, 22 кәсіпкердің заң талаптарын бұзғаны анықталып, олардың жұмысы тоқтатылды.
Өңір басшысы экологияға жауапты құзырлы орган басшыларына, аудан, қала әкімдері мен басқарма басшысына заңсыздықтарды жоюды тапсырды.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров өз сөзінде заң талабын сақтамаған жер қойнауын пайдаланушы кәсіпкерлердің лицензиясын қайтарып алуды тапсырды. Рейд тоқтатпай, тексеруді ескертті. Экологиялық талаптар қатаң сақталып, бірлесе жұмыс істеуге шақырды. Бұл мәселелер тұрақты қадағалауда болады.
Бүгінде облыс көлемінде жұмысы тоқтатылған және пайдаланылмай тұрған кен орындарын мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жүргізіліп келеді. Жыл басынан бері 17 жер қойнауын пайдаланушының 35 мың гектар жері мемлекет балансына қайтарылды.
Жиында Түркістан облысының өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қанат Шонбасов баяндама жасап, облыста заңсыз жер қойнауын пайдаланудың алдын-алу жұмыстарын атап өтті.
–Қазіргі таңда заңсыз жер қойнауын пайдаланудың алдын-алу бойынша арнайы мобильді топтар мониторинг жұмыстарын ұдайы жүргізіп келеді. Осы орайда Арыс, Отырар, Ордабасы, Келес, Сауран, Кентау қаласы аумағында заңсыз жер қойнауын пайдалану фактілер толастамай тұр. Мәселен, Кентау қаласы, Хантағы ауылдық округі маңында заңсыз барит қазылғаны анықталып, заңды бұзған тұлғалар жауапқа тартылды. Сондай-ақ Келес ауданы, Келес өзені жағасын заңсыз қазып, жайылым жерге өнімдерін жинақтап, сатылымға шығару жұмыстары тіркелген. Жалпы облыс аумағында ауыр жүк көліктерінің шамадан тыс жүк тасымалдау, заңсыз құм қазу, қазба өнімдерін саудалау, пайдалы қазбаларды өндіру фактілер анықталып, тиісті шара көрілуде, – деді Қанат Шонбасов.
Табиғат қорғау прокурорының орынбасары Мақсат Ералиев те осы бағыттағы жұмыстар бойынша есеп берді. Кейбір аумақтарда заңсыздық тоқтамауына байланысты, прокуратура мен басқарма тарапынан арнайы дрон құрылғысы қолданылуда. Осы бағыттағы жұмыстар қатаң жолға қойылып, анықталған фактілер бойынша бейнематериалдар полиция қызметкерлеріне тапсырылып, жүк көліктері айыптұраққа қойылды.
Осыған байланысты, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне ұсыныс хат жолданып, ҚР «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодексіне өзгерістер енгізу арқылы келісімшарттарды бұзған кәсіпкерлердің жауапкершілігін күшейту ұсынылды.
Жиыналыста аудан, қала, ауыл аумақтарында пайдалы қазбаларды заңсыз сату орындарын жабу жұмыстарын жандандыру, заңсыз пайдалы қазбаларды өндіру дерегі анықталған аудан, қала немесе ауыл әкімдерін және учаскелік полиция қызметкерлерінің жауапкершіліктерін қарап тиісті шара көру жөнінде ұсыныс берілді. Сонымен бірге заңсыз жер қойнауын пайдаланудың алдын-алу бойынша жұмыс тобының рейдтік іс-шара барысында Полиция департаменті тарапынан жедел әрекет ететін арнайы жасақ сарбаздарын тұрақты түрде бөлу қажеттігі де айтылып, тиісті тапсырмалар хаттамаға енгізілді. Барлық ұсыныстар мен тапсырмалар хаттамаға енгізіліп, қатаң бақылауға алынатын болды.