Түркістан: Облыс әкімі Қазығұрт ауданына барып, әлеуметтік-экономикалық дамыту жолдарын саралады

0
55

Қазығұрт ауданының орналасқан орны экономиканы, сауданы, өндірісті дамытуға өте қолайлы. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қазығұрт ауданына жұмыс сапарымен барды.  Әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін талқылаған мәжілісте  өңір басшысы ауданның негізгі даму көрсеткіштері мен инфрақұрылымдық жобаларын саралап, алдағы жоспарларға тоқталып өтті. Жиынға аудан және ауылдық округ әкімдері, облыстық басқарма басшылары мен мәслихат депутаттары қатысты. Басқосуда өңір басшысы инвестициялық жобаларды жеделдету, ауыл шаруашылығы мен құрылыс, инфрақұрылым салаларын дамыту мәселелері жан-жақты қарап, нақты тапсырмалар жүктеді.

–Қазығұрт ауданында  түрлі салада жаңа жобалар жүзеге асып, тіршілік қайнап жатуы керек. Ауданның әлеуеті жоғары. Өздеріңіз баяндаған инвестициялық жобаларды сапалы әрі уақтылы жүзеге асыру керек. Бұған жергілікті әкімдер, мәслихат депутаттары, басқарма басшылары бірлесе үлес қосып, атсалысу қажет, – деген Нұралхан Көшеров инвестор тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу, халыққа қолайлы жағдай жасау – басты міндет екендігін жеткізді.

Қазығұрт ауданында өткен басқосуда аудан әкімі Азизхан Исмаилов өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысы туралы есеп беріп, басқарма басшылары ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Жиында өндірісті, туризмді, ауыл шаруашылығын және әлеуметтік-экономикалық бағыттарды  дамыту және өзге де бағыттар бойынша нақты міндеттер жүктелді.

Былтыр аудан экономикасы тұрақты өсім көрсетіп, жалпы өңірлік өнім көлемі 122,6 млрд. теңгені құрады.  Осы жылға 134,4 млрд. теңге жоспарланып, өткен жылмен салыстырғанда өсім 109,6  %-ды құрауда.  Осы жылдың алғашқы жартыжылдығында ауданның жалпы өңірлік өнім көлемі 54,6 млрд. теңгеге орындалды. Өткен жылдың қорытындысымен нақты түсім контингентінде 7,9 млрд. теңгені құрады.  2025 жылғы жоспар бойынша 8,4 млрд. теңге болса, жартыжылдықта 5,1 млрд. теңгеге орындалды.  Үш жылда ауданның ішкі кіріс көзі 1,5 есеге өсіп отыр.

Кездесу барысында инвестициялық ахуалға ерекше назар аударылды. Қазіргі таңда 2025-2026 жылдар аралығында жалпы құны 21,1 млрд теңге болатын 24 инвестициялық жоба іске асырылуда. Аталған жобалардың нәтижесінде 749 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. Оның ішінде 2025 жылы 7,9 млрд. теңгені құрайтын 18 инвестициялық жобаны іске асырып, 299 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланса, жыл басынан бері 2,9 млрд. теңгені құрайтын 6 жоба іске қосылып, 70 жаңа жұмыс орны ашылған. Қазығұртта «Тұрбат» агроиндустриалды аймағы салынады.

Өңір басшысы Нұралхан Көшеров  ауданның даму қарқынына оң баға беріп, мемлекеттік бағдарламаларды тиімді жүзеге асыру, инвестиция тарту және жұмыс орындарын көбейту бағытында жұмыстарды жалғастыру қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдарға халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты тапсырмалар жүктеді.

 

 

 

 

 

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу