Жетісайда тағы 2 елді мекен газға қосылды

0
87

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтың тапсырмасына сәйкес, Жетісай ауданындағы экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында тұрғындар мен әлеуметтік, кәсіпкерлік нысандарды газдандыру, сапалы таза ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары жүйелі түрде кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. 2024 жылдың қорытындысымен аудандағы 105 елді мекеннің 66-сы көгілдір отынға қосылып, табиғи газ тұтынатын елді мекендердің үлесі 62,85 пайызға жеткен.

Өткен жылдың өзінде Ж.Ералиев ауылдық округінің Абай елді мекені, Қызылқұм аулдық округінің Қызылқұм, Қызылту, Қарасақал елді мекендері толық газдандырылса, биылғы жылдың басынан бері Қызылқұм ауылдық округінің Түркебай елді мекені табиғи газға қосылды.

Аталмыш жұмыстар өз жалғасын тауып, тағы 2 елді мекенге газ берілді. Абай ауылдық округінің Халықтар достығы және Қызылқұм ауылдық округінің Жалпаққұм елді мекендерінің тұрғындарын газға қосу салтанатына Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов пен аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов, «AMANAT» партиясы Жетісай аудандық филиалының атқарушы хатшысы Асқар Қайназаров пен «QazaqGazAimaq» АҚ Түркістан өндірістік филиалының директоры Ақылбек Абилдиев, аудандық мәслихат депутаты Қахарбай Исаев пен ауыл тұрғындары қатысты.

Бұған дейін қысы-жазы қатты отынды тұтынып келген қос елді мекеннің 700-ге жуық түтіні енді табиғи газдың игілігін көретін болады.

Жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстардың нәтижесінде жыл соңына дейін 11 елді мекен табиғи газға қосылмақ. Жалпы, 2027 жылы тұрғындардың газбен қамтылуын 100 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу