Елтаңба өзгерген жағдайда, теңге өзгере ме – Ұлттық банк жауап берді

Ұлттық банк Қазақстанның мемлекеттік елтаңбасын өзгерту туралы шешім қабылданған жағдайда банкноттар өзгеруі мүмкін бе деген сұраққа жауап берді, – деп жазады kaz.inform.kz.
«Банкноттар мен монеталардағы мемлекеттік рәміздерді ауыстыру мәселесі түпкілікті шешім қабылданғаннан кейін және Қазақстан Республикасының тиісті заңнамалық актілеріне қажетті өзгерістер мен толықтырулар енгізілгеннен кейін қаралуы мүмкін», – делінген Ұлттық банктің Kazinform агенттігінің сауалына берген жауабында.
Ведомство бұл жерде «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» заң сөз етіліп отырғанын айтты.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында мемлекеттік елтаңбаны өзгерту туралы ұсыныс айтқан болатын.
«Жалпы халықтық келісім болса, барлық аспектілерді жан-жақты қарастырып, қоғамдық талқылау жүргізетін арнайы комиссия құрып, Қазақстанның жаңа мемлекеттік Елтаңбасының ең үздік эскизіне ашық конкурс жариялауға болады», – деді Мемлекет басшысы.