Түлкібаста «Жастар» саябағының қазығы қағылып, ағаш отырғызылды

Түлкібас ауданында жаңа саябақ салынады. Қасиетті Рамазан айында Машат ауылының тумасы, жеке кәсіпкер Бекзат Төреев бастаған мектеп бітіргендеріне 50 жыл толған түлектер өз қаржысы есебінен «Жастар» саябағын салып беруді жоспарлап отыр. Демалыс орнының қазығын қағуға Түркістан облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев, Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары Марат Жанесен және ауыл ақсақалдары қатысып, игі шараға мұрындық болған ел ағаларына алғысын білдірді. Ауыл ақсақалдары ақ батасын беріп, сәттілік тіледі.
Іс-шара барысында саябақтың сәніне айналар ағаш көшеттері отырғызылды.
Бүгінгі таңда ауыл әкімдігі тарапынан 70 соттық жерге құжаттарды рәсімдеу жұмыстары аяқталған. Саябақ аумағы толығымен қоршалып, іші абаттандырылып, бір бұрышына балалар ойын алаңшасы бой көтеріп, демалушыларға арналып орындықтар қойылып, түнгі жарықшамдар орнатылады.
Кәсіпкердің айтуынша, саябақ құрылысына шамамен 50 млн теңге қаржы жұмсалмақ.
Басқарма басшысы сапар барысында ауылдық округте атқарылып жатқан көгалдандыру жұмыстарымен танысты. Әр ауылдың төбе билерімен кездесіп, ауылды гүлдендіру, ағаш егу жұмыстары бойынша талқылады.
Бүгінде аудан аумағындағы 15 ауылдық округ және кент аумақтарында көктемгі ағаш егу акциялары өтіп жатыр. Акция барысында катальпа, можжевельник, аморфа, үйеңкі(клен), туя, өрік, қараағаш көшеттері мен қатар раушан(роза) гүл көшеттерін отырғызылуда.
Жалпы, Түркістан облысында өткен жылы 1 миллионнан аса көшет отырғызылды. Соның ішінде Түлкібас ауданында 80 мыңға жуық ағаш егілген болатын. Биылғы жылдың көктем айларында облыс бойынша 500 мыңнан аса көшет отырғызу жоспарланса, ал Түлкібас ауданының аумағында 32 мыңға жуық ағаш көшеттерін отырғызу күтілуде. Күз айларында бұл жұмыстар жалғасып қосымша 33 мың ағаш көшеттерін отырғызу көзделіп отыр.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі